«ҰМҒТСО» АҚ-да Тәуелсіздік күні мерекесіне орай мәдени-танымдық шара болып өтті. Жиынның ашылу салтанатында сөз алған Орталықтың президенті Ә.Ибраев ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің бізге оңай жолмен келмегенін және әуелсіз ел болу бір бөлек, ал сол елдің білімі мен ғылымын дамытып, елдің әлеуетін көтеру одан да қиын екендігін атап өтті,

Салтанатты жиын әрі қарай Қоғаммен байланыс бөлімнің бас маманы Б. Құлымбаеваның «Ұлы даланың жеті қыры: Қазақстанның тарихына ғылыми көзқарас» тақырыбындағы баяндамасымен жалғасты. Баяндама аясында қазақ жері мен елінің жеті қырының бүгінгі кезеңмен сабақтастығы толығымен талданды. Ең алғаш жылқыны қолға үйреткен, қара және түсті металдарды өңдеп, балқытуды және табиғатпен етене өмір сүруді меңгерген қазақтар болатын. Осынша кең байтақ жерді иемденген бабаларымыз ұрпаққа ескерткіш ретінде «Алтын адамды» қалдырды. Тауы мен тасына дейін ән салған түркі әлемінің бесігі саналатын ғажап табиғат та қазаққа тиесілі. Ежелгі қазақтар тек қана отырықшылықпен емес, саудамен де айналысқанына «Ұлы Жібек жолы» толықтай дәлел. Жері шүйгін, суы мол еліміз алма мен қызғалдақтың отаны саналады. 
Қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы А.Бимендиева «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы ғылым мен білімнің дамуы» атты баяндамасында Елбасының бастамасымен қабылданған «Ғылым туралы» Заң жүйесінің артықшылықтары талқылады. «Ғылым туралы» Заң қабылданған 2011 жылы әлемдік ғылымдағы рейтингі жоғары журналдар қатарына қазақстандық 1 ғана ғылыми басылым – «Еуразия химия-технологиялық журналы» іліккен болатын. Бүгінде 10 қазақстандық журнал беделді Web of Science және Scopus ақпараттық ресурстарына енді, осыған байланысты отандық ғалымдарымыздың ғылыми мақалалары көптеген сілтемелерге ие болып отыр. Мұның бәрі қазақстандық зерттеулердің өзектілігін және ғалымдарымыздың жаңашылдыққа ұмтылысын танытса керек.
Ғылым саласындағы маңызды қырларының бірі – ғылыми зерттеулерге қаражат бөлу. Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаражат ЖІӨ-нің 2%-нан төмен болмауы керек. Одан төмен болса, елдің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді, соның нәтижесінде ғылым қарқынды дами алмайды. Бүгінде Қазақстан ғылым саласына ЖІӨ-нің 0,2%-ын ғана жұмсайды. Бұл өте аз көрсеткіш, алайда Қазақстанда 2025 жылға қарай ғылымды дамытуға ЖІӨ-нің 1%-ын жұмсау көзделіп отыр. Осы орайда жеке қаржыландырулар үлесін 7%-дан 50%-ға арттыру, яғни ғылыми жобаларды қаржыландыруға жеке сектордың қаржысын тартуда маңызды қадамдар жасалуда. 
Жиын Орталық қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттаумен жалғасты. ҚР БҒМ алғыс хатымен Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама басқармасының басшысы міндетін атқарушы А.Ақболат, «ҰМҒТСО» АҚ медалімен Ұлттық ғылыми кеңестерді ұйымдастыру басқармасының басшысы Т.Азатұлы, ал орталықтың жиырмаға жуық қызметкері Алғыс хаттармен марапатталды. Шара соңында орталық қызметкері С.Сәдірбаева өзінің отбасымен бірге домбырамен ән салып, ұжымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
 
Арайлым Бимендиева,
Қоғаммен байланыс бөлімі
14.12.2018
379