Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің әдеп кодексі
1. Жалпы ережелер
1. Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің әдеп кодексі (бұдан әрі – Кодекс) ұлттық ғылыми кеңестердің (бұдан әрі – кеңестер) мүшелері үшін міндетті моральдық-әдептілік құндылықтарын, адамгершілік және кәсіби мінез-құлық қағидаттарын, нормалары мен қағидаларын белгілейді.
2. Кеңес мүшелері өз қызметін орындау кезінде "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Ұлттық ғылыми кеңестер туралы" 2011 жылғы 16 мамырдағы № 519, "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" 2011 жылғы 25 мамырдағы № 575 қаулыларын басшылыққа алуға тиіс.
3. Осы Кодекс ашықтықты, жариялылықты, объективтілікті қамтамасыз етуге және кеңестер мүшелерінің мынадай:
объективтілік және тәуелсіздік;
бейтараптылық;
кәсіби құзыреттілік;
құпиялылық;
жауапкершілік қағидаттарын сақтауы арқылы олар қабылдаған шешімдерге қоғамның сенімін арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Объективтілік, тәуелсіздік, бейтараптылық
4. Кеңес мүшелерінің тұжырымдары, ұсынымдары мен қорытындылары үшін объективті негіз талап етілетін ақпараттың жеткілікті көлемі ғана бола алады. Кеңес мүшелері тек анық және тексерілген фактілерді қолдануға және ұсынуға міндетті.
5. Кеңестер мүшелері өздерінің кәсіби қызметінде туындайтын барлық жағдайлар мен шынайы фактілерді объективті түрде қарауға, нақты көзқарастарға, бағалаушы пайымдауларға, қоғамдастықтың біржақты пікірлеріне немесе жеке мүдделерге тәуелді болмауға және жеке теріс түсініктің немесе сырттан болатын қысымның олардың пайымдаулары объективтілігіне әсер етуіне жол бермеуге тиіс.
6. Кеңес мүшесі өзі шешім қабылдаған кезде тараптардың бірін жактаудан және өзінің қызметін сынайды деген қауіптен аулақ болуға тиіс.
7. Кеңес мүшесі кеңестің әрбір мүшесінің өзіне тек білікті және бейтарап пікір қалыптастыруға ұмтылатын тәуелсіз тұлға ретінде қарауына ұмтылуға тиіс.
8. Кеңес мүшесі өзінің пайымдаулары мен тұжырымдарының объективтілігіне ықпал ете алатын адамдармен өзара қарым-қатынастан аулақ болғаны не кеңес мүшесіне кез келген нысанда қысым жасауға жол берілмейтінін көрсете отырып, оларды дереу тоқтатқаны жөн. Ал мұндай факт анықталған жағдайда, сараптама орталығын және/немесе ғылым саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар етуге тиіс.
9. Кеңес мүшесі өзі қатысатын немесе үлестес тұлғалар қатысатын жобалар (бағдарламалар) бойынша бағалау және дауыс беру рәсімдерінен бас тартуға тиіс.
10. Кеңес мүшесі кез келген жағдайда жеке басының қадір-қасиетін сақтауға, өзінің ар-намысын қорғауға, өзінің беделіне нұқсан келтіруі және шешім қабылдау кезінде өзінің объективтілігі мен тәуелсіздігіне күмән келтіруі мүмкін кез келген нәрседен аулақ болуға тиіс.
11. Кеңес мүшесі өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде нормативтік құқықтық актілердің, осы Кодекстің талаптарын басшылыққа алуға, кез келген бөгде ықпал етудің жолын кесуге, кеңес отырыстарының күн тәртібі бойынша шешімдер қабылдау процесіне, олар кімнен шықса да, қысым мен заңсыз ықпал етуге, тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруға міндетті.
12. Кеңес мүшесі өзінің іс-әрекеттері мен шешімдерінде жалпы адамзаттық моральдық ережелер мен адамгершілік нормаларын ұстануға міндетті.
13. Кеңес мүшесінің кәсіби қызметінің міндетті шарттары оның сатылмайтындығы, адалдығы мен риясыздығы болып табылады.
14. Кеңес мүшесі өзінің кәсіптік қызметінде жеке мүдделерді көздемеуге тиіс.
15. Кеңес мүшесі бейтарап болуға, өзінің қызметіне кімнің болса да ықпал етуіне жол бермеуге міндетті.
16. Кеңес мүшесі деректерді, материалдарды бұрмалау мен қолдан жасауға жол бермеуге міндетті, шешімдерді уақтылы және сапалы шығару үшін қажетті барлық мәселелерді ескере отырып, өз өкілеттіктерін құзыретті және адал орындауға міндетті.
3. Кәсіби құзыреттілік
17. Кеңес мүшесі өзінің кәсіби құзыреттілігі шегінен шығатын, сондай-ақ өз құзыретінің саласына сәйкес келмейтін кәсіби іс-әрекеттерден бас тартуға міндетті.
18. Кеңес мүшесі істерді кәсіби құзыреттілікпен, тиімділікпен және нәтижелі жүргізуге, жоғары кәсіби деңгейге ұмтылуға міндетті.
19. Кеңес мүшесі өзінің құзыретіндегі мәселелерді шешуге қатысты деректерді жасыруға және бұрмалауға жол бермей, оған толық және объективті ақпарат беруді талап ете алады және талап етуге міндетті.
20. Кеңес мүшесі Кеңестің барлық отырыстарына қатысуға, күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша дауыс беруге қатысуға міндетті. Кеңес мүшесінің шешім қабылдаудан және дауыс беруден негізсіз жалтаруына тыйым салынады.
4. Құпиялылық
21. Кеңес мүшесі өзінің міндеттерін орындау барысында алған кез келген ақпарат пен мәліметтерді, оның ішінде коммерциялық және қызметтік құпияны таратпауға міндетті.
22. Кеңес мүшесі өзіндегі материалдар бойынша мәлімдемелер жасауға, оның ішінде жария пікірлер беруге және сөз сөйлеуге құқылы емес, шешімдер қабылдау және Кеңестер отырыстарының күн тәртібіндегі мәселелерді қарау кездерінде оның қызметін жария талқылауға немесе қандай да бір бағалауға жол бермеуге және қатыспауға міндетті.
23. Кеңес мүшесі өзіне белгілі болған құпия ақпаратты өз мүдделерінде, үшінші тұлғалардың мүдделерінде, сондай-ақ ақпараттың құқық иеленушілерінің, ғылым саласындағы уәкілетті органның және сараптама орталығының мүдделеріне нұқсан келтіре отырып пайдаланбауға тиіс.
24. Кеңес мүшесі қызметтік мүдделердің, Кеңес мүшесі еңбек және өзге де қатынастарда тұрған оның жұмыс берушілері мен басқа да адамдар мүдделерінің оның шешімдер қабылдауына әсерін болдырмауға міндетті.
5. Анықтығы, толықтығы және негізділігі үшін жауапкершілік
25. Кеңес мүшесі қабылданған шешімдердің анықтығын, толықтығын және негізділігін қамтамасыз ету үшін өзіне жауапкершілік алады.
26. Кеңес мүшесі өзінің кәсіптік міндеттерін адал орындауға және материалдарды уақтылы әрі сапалы қарау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіс.
27. Кеңес мүшесі деректерді жасыруға және бұрмалауға жол бермей, толық және шынайы ақпарат беруге міндетті.
6. Мінез-құлықтың басқа стандарттары
28. Кеңес мүшесі дәлелді себептермен қатыса алмайтын жағдайларды қоспағанда, барлық отырыстарға қатысуға тиіс.
29. Кеңес мүшесі сараптама орталығы қалыптастырған күн тәртіптерін ұстануға тиіс.
30. Кеңес мүшесі өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және бейтарап ұстанымды ұстануға, нақты мәселені қарауға байланысты өзіне келіп түскен кез келген ауызша не жазбаша өтініштер туралы сараптама орталығын хабардар етуге міндетті.
31. Кеңес мүшесі өзінің әріптестеріне сыпайылықпен қарап, мораль қағидаттарын, адалдықтың, парасаттылық пен әділдіктің жоғары стандарттарын ұстануға тиіс. Кеңес мүшесі кеңестің басқа мүшелерінің, өтінім берушілердің, ғылыми жетекшілердің, сарапшылардың ар-намысын, қадір-қасиетін немесе іскерлік беделін кемітетін сөздерді қолданбауға тиіс.
32. Кеңес мүшесі кеңестің басқа мүшелерін, өтінім берушілерді, сарапшыларды тілі, ұлты, жасы, жынысы және басқа да белгілері бойынша кемсітуге жол бермеуге тиіс.
33. Кеңес мүшесі Кеңестің басқа мүшелерінің пікіріне құрметпен қарауға және талқыланатын мәселелер бойынша олардың тарапынан сындарлы сынға теріс ден қоймауға тиіс.
7. Қорытынды ережелер
34. Осы Кодекс жалпыға қолжетімді және жария құжат болып табылады және "Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 шілдедегі № 785 қаулысымен бекітілген кеңестер мүшелерінің онымен танысуын талап етеді.
35. Кеңес мүшесінің осы Кодекстің талаптарын бұзуы оны Кеңес құрамынан шығаруға негіз болып табылады.