Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 16 тамыз күні жаңа оқу жылының қарсаңындағы дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Осы орайда, аталған жиынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз келді.

 Дәстүрлі тамыз конференциясы жаңа 2019-2020 оқу жылының қарсаңында өткізіліп отыр. Тәуелсіздік сарайына барлық өңірлерден келген ұстаздар, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жиналды. Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыланып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды.

 Сондай-ақ, конференция шеңберінде білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелер мен жаңалықтар бойынша тақырыптық алаң ұйымдастырылып, педагогтарды марапаттау рәсімі өтті.

Отандық білімді дамытудағы ерен еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар педагогтар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

 Осы уақытқа дейін Тамыз конференциясы шеңберінде 7-15 тамыз аралығында тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды. Аталған отырыстар барысында 2019-2020 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері; тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес тәрбие процесін ұйымдастырудағы заманауи тәсілдер; бірінші сыныпта оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі мәселелері; балаларға қосымша білім беру; жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында педагогтың үздіксіз кәсіби дамуы сынды мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, жаңартылған білім мазмұны жағдайында білім алушылардың денсаулық мәдениетін қалыптастыру; жоғары білім мен ғылымның интеграциясы; мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттырудың заманауи тәсілдері; «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы негізінде тәрбиелеу және оқыту жүйесінің жұмыс істеуі; «Білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау»; «Үш тілде оқыту: тәжірибе және жетістік» тақырыптары талқыланды.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Білім және ғылым министрлігіне бірқатар тапсырмалар жүктеп, үштілді оқыту жүйесін енгізу үдерісін қайта қарауды тапсырды. Шын мәнінде, аталған мәселе оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығын ескере отырып, жан-жақты зерттеуді қажет етеді.  

 Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаңа буынды тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлін атап өтті.

 – Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – педагогтардың және ата-аналардың міндеті. Лайықты азамат – бұл өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек, – деді Президент.

 Мемлекет басшысының айтуынша, білім және ғылым саласының дамуына тың әрі тегеурінді серпін қажет.

– Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Жаңа оқу жылындағы басты жаңалық - «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы және 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын бекіту. Білім мен ғылымды дамытудың алдағы бес жылға арналған бағыты - қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама аясында білім деңгейлерінің мазмұнын жаңарту, сонымен қатар, мұғалімдердің әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, білім саласын цифрландыру, жекеменшік секторды тарту, ғылымдағы бизнестің рөлін арттыру бойынша атқарылған ауқымды істердің сапалы жалғасын қамтамасыз ету болып табылады.

 

 
05.09.2019
167